Атырау облысы білім беру басқармасының КМҚК «Балалар оңалту орталығы»

Отбасы үшін баланың денсаулығы мен қуанышынан артық ешнәрсе жоқ екені анық. Облысымызда әлеуметтік-экономикалық және экологиялық факторларға байланысты кемтар балалардың дүниеге көп келуі себепті, Атырау облыстық оңалту орталығы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жан-жақты көмек беру үшін  2000 жылы ашылды. Коррекция саласының маманы дефектолог Бибігүл Жумалиева басшылық жасайтын орталықтың мақсаты – дене бітімі мен ақыл-ойы, тіл дамуында бұзылыстары бар 0-18 жас аралығындағы балаларды оңалту, психологиялық – педагогикалық түзету, арнайы білім беру, өмірге бейімделуін қамтамасыз ету. Медициналық реабилитация түрлері – ем-дәрілік терапия, физиоемдеу, гидроемдеу (сумен), емдік дене шынықтыру, массаж, стоматологиялық көмек.

“Орталықтың материалдық-техникалық базасы жақсы деңгейде. Орталыққа келген балалардың дамуын жетілдіру, ұсақ қол моторикасын дағдыландыру, сөйлеу тілін дамыту, өзара қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында,4 дефектолог, логопед, 2 Монтессори кабинеті, балалардың тұрмыстық жағдайға бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік өмірге бейімдеу бөлмесі, лекотека, ЛФК бөлмесі қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді”, – дейді орталықтың директоры Бибігүл Жумалиева.“Әр баланы командалық бағалаудан өткізген соң, диагнозы мен қабілетіне қарай арнайы жеке даму бағдарламасы құрылады. Сабақ кестесіне сай логопед, педагог-дефектолог, педагог-психолог, музыкалық ритмика, компьютер мамандарының сабақтары жеке, шағын топпен, жалпы тұтастай топпен өткізіледі. Оқу-тәрбие үдерісінде жаңа технологиямен өткізілетін ойын, ертеңгіліктер, арттерапия, ертегі-терапия, музыкатерапия  балалардың жас және даму ерекшеліктері ескеріледі,” – деп баяндады психологиялық- педагогикалық түзету бөлімінің меңгерушісі дефектолог Мария Бердімұратова.”Бізге келетін балалардың барлығында әртүрлі дәрежеде тіл кемістігі бар. Балалардың ауызша және жазбаша сөздік қорын арнайы бағдарлама арқылы түзетуге арналған «Дэльфа-142.1» логопедиялық тренажеры, “Эдуплей”,”Эдукэй”, мультимедиалық тренажерлары, В.Фроловтың «Тыныс алу тренажеры» “ЭдуКвест” арнайы қондырғыларын сабағымызда үнемі қолданамыз. Соның нәтижесінде әр баланың танымдық қызығушылығы, ой-өрісі, сөйлеу  қабілеті дамып, үлкен жетістіктерге жетіп жүрміз“, дейді дефектолог, логопедтер Асылай  Рысбаева, Күляш Тлемисова. Соңғы уақытта елде аутизмге шалдыққан балалардың саны күрт өскені байқалады. Орталыққа да осындай аутизм, өте қозғалғыш, гипербелсенді балалар көптеп келуде. Мұндай психикалық-эмоционалдық ауытқуға ұшыраған бүлдіршіндер үшін жүйкені тыныштандыратын Сенсорлық бөлменің  маңызы ерекше. “Орталықтағы педагогтар шығармашылық еңбектерін ізденіспен көрсетуде. Оқу-тәрбие үдерісіндегі жаңалықтармен танысып, өз жұмысында қолдану үшін маман-педагогтарымыз бен тәрбиешілерімізді облыстық, республикалық біліктілікті арттыру институты мен ғылыми-практикалық педагогикалық орталықтағы білім жетілдіру курстарынан тұрақты өткізіп отырмыз. Педагогтар облыс деңгейіндегі педагогикалық оқулар мен «Үздік маман» конкурстарында жүлделі орындардан көрінуі осының дәлелі”,- деп  мақтанышпен айтты директор Б.Жумалиева. “Күнделікті  жүргізілетін  түзете-дамыту жұмысының  нәтижесінде барлық балалардың дамуында көптеген өзгерістер болады. Ата-анамен бірге біз де бала үшін қатты қуанамыз. Ата- ананың алғысынан артық бізге артық ештеңе жоқ. Мысалы, Санжар, 4 жас, 9 ай, диагнозы: Даун синдромы, балалар сал ауруы (ДЦП), жалпы тіл кемістігі. Баламен жүргізілген түзету жұмысы нәтижесінде Монтессори бөлмесіне келгенде сөйлеу тілі, сөзді түсінуі болмағанмен  де қарапайым нұсқауларды түсініп орындай бастады, өз атына көңіл аударды, сәлемдесу, қоштасу ишаратын  жасады, алғашқы да зейін қоймай, қызығушылығы болмаған, кейіннен көптеген тапсырмаларды қызығушылықпен орындай бастады.  Мысалы: күнделікті өмір жаттығулары тапсырмалары қолын, мұрнын салфеткамен сүрту, ойыншықты сөреге жинау дағдысын меңгерді. Сенсорлық аймақ тапсырмаларынан кесеге қасық таңдау, анасының көмегімен көлеміне қарай кеселерге  қасықтарды орналастыру, бұршақтарды жинау, сәйкес саңылауларға сақиналарды салу т.с.с дағдыларды меңгерді. Баланың дамуы мен тәрбие проблемасын шешуде отбасымен серіктестік қатынастар да жақсы әсерін тигізді,- деп, Монтессори мұғалімі Райхан Бухарова ата-анамен біріккен жұмыстың маңыздылығын атап айтты.