Жаңа жыл мерекесі!

Жаңа жыл – бүлдіршіндер үшін ерекше көтеріңкі көңіл күй, жүректеріне бір жаңа үміт себелейтін мереке. Жылма жыл облыстық балалар оңалту орталығының ерекше балалары демеушілердің өздеріне деген қамқорлығын сезініп, жасыл шырша жанында сыйлыққа кенелетіні бар. Биыл да демеушілеріміз орталығымыздағы ерекше білімді қажет ететін мүгедек балаларды назарларынан тыс қалдырған жоқ. Балаларды құттықтауға келген «Ембімұнайгаз» АҚ, “Атырау мұнай өңдеу зауыты”, «Сазанқұрақ» ЖШС өкілдері тәтті сыйлықтар мен ойыншықтар табыс етті.
Демеушілермен келген өнерпаздар және Аяз ата мен Ақшақар да балаларды ертегі әлеміне енгізіп, ерекше бүлдіршіндер бір сәт ертегі елінде болып, қызықтар әлемін шарлады. Ертеңгілік қойылымнан кейін ұжым мүшелері, демеушілер және балалар бірдей қол ұстасып, шаттыққа толы көңілмен жасыл шыршаны айнала, жаңа жылдық ән шырқады. Әр мереке сайын көңілдері шаттыққа толатын оңалту орталығында тәрбиеленіп жатқан балалардың бұл мерекеде де жүздері бал-бұл жайнап, кеуделері қуанышқа толы жүрді. Ертеңгілік соңы келген қонақтармен естелік суретке түсу рәсімімен және көңілді бимен аяқталды.