Логопедтер апталығы

Облыстық балалар оңалту орталығында қаңтар айының  21 мен 30 аралығында Логопедтер апталығы өткізілді. Апталықта жоспарланған ашық логопедия сабақтары, ертеңгілік, семинар, ата-аналар жиналысы болып өтті. Алғашқы күндері педагог-логопед А.Рахымғалиева “Орманға саяхат” тақырыбында шағын топтық сабақ өткізді. Түзете-дамыту мақсатына сай сабақта балалардың белсенді сөздік қорын, байланыстырып сөйлеу тілін дамытуға әр түрлі ойын-жаттығулар, слайд арқылы тапсырмалар берілді. Балалар сабаққа қызығушылықпен қатысты.

Педагог-логопед А.Хамиева “Аю және Маша қонақта” ертегісі желісінде “Ш дыбысы мен әрпі” тақырыбында жеке сабағын өткізді. Мақсаты- “Ш” дыбысын сөзде, сөйлемде машықтандыру, анық айту. Ерекше сабақтардың бірі болып бағаланған  сабақта балалар  “орманға” саяхат жасап, “Маша мен аю” қонаққа келіп, тапсырмаларды бірге орындады.

Педагог-логопед А.Утепкалиева «Дикие животные» атты тақырыбында жеке  сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты- баланың  лексико-грамматикалық сөйлеу тілін дамыту,  оқу-жазу дағдыларын жетілдіру.Тақырыпқа байланысты ойындар, жаттығулар, слайдпен тапсырмалар берілді.

Аз мерзім ішінде нәтижелі жұмыс көрсетуге тырысқан  логопед мамандардың, балалардың қатысуымен  логопедиялық  ертеңгілікте «Үйшік» ертегісі сахналанды.

Ертеңгіліктің басты мақсаты- балалардың тіл дамуындағы жетістіктерін көрсету, сөздік қорын дамыту. Ертегі әлемінде жүргендей өздерін еркін сезіну, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлау.

Ертегі желісі бойынша келген әр кейіпкер балалармен  түрлі ойындар өткізіп, балалар да образдық бейнелерді мүмкіндінше көрсете білуге талпынып, қызығушылықпен белсенді қатысты. Ертеңгілік балаларға да, ата-аналарға да жақсы көңіл күй сыйлады. Балаларының жаңа мүмкіндіктерін көрген ата-аналар жылы лебіздерін білдірді.

Апталықтың ең маңыздысы – мамандар арасында тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған семинар-практикумы болды. Логопедтер тәрбиеші, психолог, дефектологтар  арасында   өз сабақтарына қажетті мәліметтер туралы тапсырмалар, тренингтер ұйымдастырды.

Апталық соңында  “Жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалармен жүргізілетін түзету жұмыстары” тақырыбында ата-аналарға арналған жиналыс өтті. Мамандар ата-аналарға үй жағдайында жүргізілетін жұмыстар жөнінде мағлұмат беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бала тілін дамытуға арналған ойыншықтармен, қолдан жасалған көрнекіліктермен және ойын-жаттығу түрлерімен таныстырылып, оларды мақсатты пайдалануға кеңес берілді. Ата-аналар тарапынан да қызығушылық танытылып, көптеген сұрақтар қойылды. Жиналыс  соңында балалармен жүргізілетін жұмыстарды мамандар ата-аналармен бірлесіп орындады.

Осындай орталықта өтіп тұратын түзете-дамыту шаралары баланың сөйлеу дағдылары мен ойлау қабілеттерін қалыптастыруға, қимыл- қозғалысының дамуына, ата-аналардың  да белсенділігін арттыруға берер үлесі өте зор.