Мақалалар

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік-психологиялық бейімдеу

 «Бала бойындағы кемістігін толықтырудың екі түрлі ерекшелігі бар, оның бірі бала психикасының даму шамасына орай тәрбие талаптары, екіншісі кемістігін қалпына келтірудегі өз бойындағы ерекшеліктері мен мүмкіндіктері»                           

                                                                                                                      Л.С. Выготский            

Қазіргі таңда бүкіл әлемде, сонымен қатар біздің елімізде де ерекше білім беру қажеттілігі бар тұлғаларға көмек көрсету жүйесінің құрылымында көптеген өзгерістер байқалып отыр. Мұндай ілгерілеу үрдістері бұрын мүгедектер деп аталған балаларды қоғамға және білім ортасына біріктіру қажеттілігімен сипатталады. Педагогика жүйесіндегі балаларды оқыту мен дамытудың маңызды құрамдас бөлігінің бірі – мүмкіндігі шектеулі балаларды мінез-құлқындағы кемшіліктерді ескере отыру, олардың ой-өрісін дамыту, қоршаған ортаға бейімділігін арттыру болып табылады. Жалпы мүмкіндігі шектеулі балалардың жүріс-тұрысындағы кемшіліктер олардың жеке тұлға болып қалыптаcуына, оның жеке қасиеттеріне, яғни оқу, жазу, ортаға бейімдеу бұзылуын қалыптастырып, баланың үлкендермен, құрдастарымен қарым-қатынасына кері әсер етеді.

Дамудағы кемістікті түзету және оның орнын теңестіру, яғни толықтыру арнайы педагогикада ерекше балалардың әлеуметтік өмірде тәуелсіздігін қамтамасыздандыру құралы ретінде қарастырылады. Арнайы білім берудің әлеуметтік бейімдеу бағыты әлеуметтік қатынастың түрлі құрылымын және адамның қоршаған мәдени ортаға психологиялық дайындығын қалыптастырады, дамудағы әлеуметтік кемшілікті анықтап түзетуге көмектеседі.

            Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік-психологиялық бейімдеудің маңызы өте зор. Оларды әлеуметтік бейімдеудің жетістігі арнайы мекемелерде ұйымдастырылған қоршаған ортада өз бетінше өмір сүруіне және еңбек етуіне бағытталған арнайы түзете- оқыту мен тәрбиелеудің сапалығына байланысты.

Әлеуметтік ортаға енгізу- әлеуметтік қатынастың жалпы жүйесіне және баланың өз жағдайына қарай білім алу ортасына ерекше білімді қажет ететін балаларды әлеуметтік өмірге бейімделуін қалыптастыру. Ерекше балаларды қоғамға енгізудің қиындығы, бір жағынан бала дамуындағы дене және психикалық ауытқулары болса, екінші жағынан әлеуметтік жүйенің дұрыс қалыптаспағандығы баланың өмір сүруіне кедергі келтіреді. Әлеуметтенудің мәні адамның қоғамға бейімденіп, жекеленуі болып табылады.Тұлғаны әлеуметтендіруде тек қана қоғам емес,ең бірінші әрбір адам белсенді рөл атқаруы тиіс.

            Облыстық балалар оңалту орталығында жылына  900 -дан астам дене бітімі мен психофизикалық дамуында әр түрлі  кемістігі бар 0-18 жас аралығындағы ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар педагогикалық, медициналық оңалту, сауықтыру шараларымен қоса әлеуметтік- психологиялық қызмет алады.

Орталықта балаларға 5 бағыт бойынша  қызмет көрсетіледі:

  1. Әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету бағыты бойынша, тәрбиешілер балалардың өз қажеттіліктерін өз бетінше жүзеге асыруына дағдыландырады. Балалар 5 мезгіл тамақтанады. Барлық топтар қажетті жиһаздар мен арнайы қондырғылармен толық жасақталған.
  2. 2. Әлеуметтік-медициналық қызмет бойынша, дәрігерлік тексеруді ұйымдастыру және жүргізу, дәрігерге дейінгі көмек көрсету, медициналық әлеуметтік сараптама жүргізуге жәрдемдесу, дәрігерлердің қорытындысы бойынша дәрі –дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Бұл қызметке невропотолог, психиатр, педиатр, медбикелер кіреді. Бала сырқаттанып қалған жағдайда медбикелер балаға дәрісін егіп, ем-домын жасайды. Арнайы емдік дене шынықтыру бөлмесі бар. Массажистер церебальді сал ауруына шалдыққан балаларға уқалау ем-шарасын уақытылы жасайды. Балалардың қол-аяқтарының қозғалыс қызметін жақсартуға арналған арнайы Motomed құрылғысымен медбикелер ұдайы жұмыс жасайды.
  3. Әлеуметтік-педагогикалық қызмет бағыты бойынша, баланың жалпы жағдайына сәйкес арнайы оқыту бағдарламалары бойынша оқытуды ұйымдастыру, педагогикалық құралдар арқылы дамудағы кемістіктіің орнын толықтыру істері іске асырылады. Бұл бағытта дефектолог, логопед, психолог, тәрбиеші, Монтессори мұғалімдері қызмет атқарады. Топтық және әр баламен жеке түзету сабақтарын жүргізеді.
    4. Әлеуметтік-психологиялық қызмет бойынша, психологтар балаларды психологиялық диагностикадан өткізеді. Өзін-өзі басқара алмайтын, өз әрекетіне бақылау жасай алмайтын балаларға арнайы психокоррекциялық бағдарлама құрастырады. Бағдарлама арнайы психотехникалардан, психологиялық ойындар мен жаттығулардан, психологиялық кеңес беру және ағарту жұмыстарынан тұрады. Психологтар сенсорлық бөлмеде балалармен, ата-аналармен  жеке және топтық сабақтар, тренингтер өткізеді.
  4. Әлеуметтік-мәдени қызметі бойынша, Қазақстан Республикасы бекіткен барлық мерекелер, мерейтойлар, арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады, оны алдын ала апталық, айлық, жылдық жоспар негізінде жыл басында бекітіледі. Сонымен қатар, туған күндер өткізу, балаларды экскурсияларға, театрларға, көрмелерге, концерттерге апару жоспарланады.

Ерекше білімді қажет ететін балаларды қоғамға енгізудің қиындығы, бір жағынан бала дамуындағы дене және психикалық ауытқулары болса, екінші жағынан әлеуметтік жүйенің дұрыс қалыптаспағандығы баланың өмір сүруіне кедергі келтіреді. Әлеуметтенудің мәні адамның қоғамға бейімденіп, жекеленуі болып табылады.Тұлғаны әлеуметтендіруде тек қана қоғам емес,ең бірінші әрбір адам белсенді рөл атқаруы тиіс.  Көптеген ата-аналар балаларын  үбектеп, олар үшін бәрін өздері жасайды. Орталыққа келген  аяқ-қолы сау балалар өздігімен киініп-шешіне алмайды, қасық ұстап тамақтана алмайды. Жасының үлкендігіне қарамай балалар ортаға бейімделмеген, өзіне қызмет ету дағдылары жоқ.

Практика барысында балаларда болашақ әлеуметтік бейімделуіне өте маңызды ұжымда бірлесе жұмыс істеу, еңбек етуге деген икемі қалыптасады. Жеке тұлғаны әлеуметтік бейімдеу сабақта және сабақтан тыс уақыттардағы ұйымдастырылған сабақтар мен экскурсияларда өткізіледі.

Ерекше балалардың қоғамдық өмірге араласулары үшін әлеуметтік-тұрмыстық білім мен икемдерін қалыптастыру екенін назарда ұстай отырып, арнайы педагог орталықтың “Әлеуметтік-тұрмыстық бағдар” сабағында балалардың қоғамдық орындарда өздерін ұстай алу, қажетті хабарламалар мен жарнамалық ақпараттарды түсіне бастауға үйрету керектігін де басты назарда ұстайды. Сабақ барысында арнайы құрылған жағдаяттар бойынша балалар қажетті тұрмыстық икемдерді, қоғамдық тәртіп ережелерін игереді. Киімді дұрыс күту, шаш күтімі, дастархан мәзірі т.с.с тақырыбында өтетін сабақтарда балалардың  тұрмыстық икем-дағдылары қалыптасады. Бұл балалардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өздеріне қызмет ету, тұрмыста және арнаулы өндірісте қиын емес еңбек операцияларын орындауға, мүмкіндігінше қоршаған ортаға икемделуге бағытталған жұмыстар. Осындай жұмыстар барысында дамуында проблемасы бар балалар белсенділік көрсетіп, өз беттерінше жұмыс істей алуға, түрлі жағдаяттар барысында сай әрекет етуге, өзін өзгелердің бағалауына парапар ұстауға үйренеді.

Қорытынды

Бала, ата-ана, педагог, отбасы және білім беретін ұйымдар арасындағы сабақтастықтың ойдағыдай жүзеге асуы тұлғаның әлеуметтік бейімделуінің алғы шарттарының бірі болмақ. Біз балалар үшін бала өз әрекетінің қатысы мен керектігін сезінетіндей жағдай жасауымыз керек. Мемлекетіміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылықтарымыз, әр бала еліміздің ертеңі екенін ескерсек, әрбір мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау біздің міндетіміз.